ЖАҢАЛЫҚТАР
Бақылаушылар: ОСК Алматыда сайлауға барғандардың санын асыра көрсеткен

Алматыда 19 наурыздағы сайлауды бақылаған "Қазақстан жастар ақпараттық қызметі" қоғамдық қоры мен "Сандж" зерттеу орталығы Орталық сайлау комиссиясы Алматыда дауыс беруге барғандар санын асыра көрсетті деп мәлімдеді.
"Қазақстан жастар ақпараттық қызметі" ұйымының есебінше, Алматыдағы сайлаушылардың 17 пайызы ғана сайлауға барған. Ал ОСК таратқан ресми деректе дауыс бергендердің үлесі 23,9 пайыз деп көрсетілген.
Ұйым бақылаушылары Алматыдағы 256 учаскеде болған. Оның 126-сынан хаттама алған. Бақылаушылардың санауынша, округтердің бірінде жеңілген кандидат алған дауыс саны жеңген кандидаттікінен асып кеткен. Ұйым төрағасы Ирина Медникова осы жайт бойынша Орталық сайлау комиссиясынан түсініктеме талап етті.
– Біздің қолымызға түскен хаттамалар бойынша, төртінші округте кандидат Санжар Боқаев көш бастап тұр. Ал ресми деректе онда басқа кандидат жеңген. Біз Орталық сайлау комиссиясынан осы жағдайға түсініктеме беруді, дауысты қайта санауды сұраймыз немесе төртінші округте дауыс беруді қайта өткізсін. Өйткені олардың ұзаққа созылған үнсіздігі барған сайын сайлау қорытындысына күдігімізді еселеп жатыр, – деді Медникова 28 наурызда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.
Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің бақылаушылары қол жеткізген хаттамалар бойынша, бәріне қарсы дауыс бергендердің үлесі ОСК жариялаған деректен де көп. Бірмандатты округ кандидаттары бойынша есептегенде, "бәріне қарсымын" деген пункт көп дауыспен бірінші орында тұрса, партиялар бойынша есептегенде, ол "Аманаттан" кейінгі орында. ҚЖАҚ есебінше, "Аманат" партиясы 32 пайызбен бірінші орынға шыққан.
Ирина Медникова 19 наурыздағы сайлау әділ өткеніне әлі де көз жеткізе алмай отырғанын айтты. Өйткені аумақтық сайлау комиссиясы қорытынды есеп қалай шыққанын ашық жарияламаған.
– Алматы аумақтық комиссиясының сайтында Word форматында жазылған ресми қорытынды ілінген. Бірақ онда тек жалпылама сандар бар. Ол қорытынды есепке ұқсамайды, пайызбен, формуласымен көрсетілмеген өте шикі сандар. Өкінішке қарай, мұндай жағдай әр сайлауда қайталанады. Шындығында, ОСК сайлау әділ өткенін дәлелдеу үшін өздері шығарған қорытындыға түсініктеме беріп, учаскелерге көк мөр басылған хаттаманы ашық іліп қоюы керек. Аумақтық сайлау комиссиялары да қорытынды есепті кез келген адам салыстыра алатындай, сайлау әділ өткеніне көз жеткізетіндей етіп, ашық жариялауға тиіс. Бірақ олай болмай отыр, – дейді ұйым жетекшісі.
Ұйым сайлау күні 120 заңбұзушылықты тіркеп, ОСК мен аумақтық сайлау комиссияларына 50 шағым жазған. Сотқа екі шағым түсірген.
Ирина Медникованың айтуынша, бұл сайлауда да ең жиі кездескен заңбұзушылық – бақылаушы жұмысына кедергі келтіру және хаттаманы қате толтыру.
– Бақылаушылардың учаскеде қозғалуына, видео, фото түсіруіне жиі тыйым салынады, хаттама бермей қояды, психологиялық қысым жасайды, тіпті кейде күш қолданады. Сайлау комиссиялары хаттама толтыру білмей ме, әлде қасақана істей ме, білмейміз. Бірақ онда қате көп болады, көбі жарамсыз болады, – дейді ол.
"Сандж" зерттеу орталығы Алматының 1500-ге жуық тұрғыны арасында сайлау туралы сауалнама жүргізген. Сауалнама нәтижесінде сайлауға жастар өте аз барғаны байқалған, қалада 55-60 жастағы сайлаушылар өте белсенді болған. "Сандж" басшысы Жанар Жандосова алматылықтардың сайлауға көзқарасы 2016 жылмен салыстырғанда айтарлықтай нашарлағанын, сайлаудан өмірі өзгеретініне сенбейтіндер көбейгенін айтты.
Алматыда мәжіліс пен мәслихатты сайлауды бақылаған "Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымы да заңбұзушылық көп болғанын, бақылаушыларға көп кедергі жасалғанын айтып, 24 наурызда сотқа бес шағым түсірген еді.
Сайлауды бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы дауыс санау процесіне алаңдаушылық білдірген. Бас прокуратура сайлау күні заңбұзушылықтар болғанын мойындағанымен, "бұл фактілер сайлау қорытындысына әсер етпеді" деп мәлімдеген.
ОСК қорытындысы бойынша, мәжілістегі орындардың басым бөлігін биліктегі "Аманат" партиясы иеленді.
Басқа да жаңалықтар
Эстония Ресеймен шекарадағы көпірге бөгет орната бастады

Эстония Ресеймен шекарадағы көпірге бөгет орната бастады. Эстонияны ресейлік Ивангородпен жалғайтын Нарвадағы Достық көпірінде ірі металл қақпалар тұрғызылды деп хабарлады мемлекеттік ERR телерадиохабар тарату кешені.
Бұл Эстония аумағына рұқсатсыз енуден қорғайтын алғашқы қауіпсіздік жүйесі. Қазіргі кезде қақпа көпірдің автомобиль жолы бөлігін жауып тұр.
Алдағы уақытта осыған ұқсас бөгеттер жаяу жүргіншілер бөлігіне де орнатылмақ. Олар қажет жағдайда шекара бекеті аумағына көлікті кіргізбейді және шығатын көліктердің де жолын жауып тастай алады.
Нарва шекара бекетінің жетекшісі Антти Ээнсалудың сөзінше, бес жыл бұрын Ресей жағынан келетін көліктер сол кездердегі бөгеттерді бұзып өткен. Оның айтуынша, енді жаңа қақпа оған жол бермейді және көпірдегі жағдайды да жақсырақ бақылауға мүмкіндік береді.
Көпірдің Ресей жағында да құрылыс жұмыстары жүріп жатыр – ол жақта жаңа көлік шекара пункті құрылған.
ERR-дың жазуынша, 2025 жылы күзде Эстония Ресеймен шекараның барлық бөлігін нығайтуға кіріседі. Инженерлік топ өкілі Айнар Афанасьевтің сөзінше, құрылыс барысында қарулы жанжалдардан алынған тәжірибелер де ескерілмек: қатер төнген жағдайда инженерлер мина аймағын пайдалануды, сонымен бірге көпір мен құбырларды жаруды жоспарлауы мүмкін.
Reuters: Үндістан Ресей мұнайынан бас тартқан жоқ

АҚШ президенті Дональд Трамптың жанама санкция туралы ескертуіне қарамастан Үндістан Ресей мұнайын сатып ала береді. Бұл жөнінде Үндістан үкіметіндегі екі дереккөзге сүйенген Reuters жазды.
Агенттік дереккөздерінің бірінің айтуынша, бұл ұзақмерзімді байланыс және "сатып алуды тез тоқтата салу оңай емес".
14 шілдеде Дональд Трамп Ресей Украинамен келісімге келмесе, Ресей мұнайын сатып алатын елдерге жүз пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеген. 30 шілдеде Америка президенті Ресейден әскери техника мен шикізат сатып алатын Үндістанға 25 пайыздық баж салығын енгізетінін хабарлаған.
Шілде соңында Трамп Кремльге Украинамен келісімге келуге бұрын айтқандай 50 күн емес, 10-12 күн беретінін айтқан. Киев соғысты ешқандай қосымша шартсыз тоқтатуға дайын екенін білдірген. Ал Мәскеу бұл ұсыныстарды қабылдамайды.
Үндістанға тасымалданатын мұнай көлемінің 35 пайызын Ресей қамтамасыз етеді. Reuters мәліметінше, биыл қаңтар-маусымда Үндістан күніне шамамен 1,75 млн Ресей мұнайын тасымалдаған, бұл былтырмен салыстырғанда 1% көп.
Қазақстан энергетика министрлігі "Орта Азия - Орталық" құбыры арқылы газ тасымалдау тоқтамағанын мәлімдеді

Қазақстан энергетика министрлігі "Орта Азия - Орталық" құбыры арқылы газ тасымалдау тоқтамағанын мәлімдеді.
"Қазақстан аумағында газ қалыпты режимде тасымалданып жатыр. Газ тасымалдау инфрақұрылымының жұмысы бұзылған жоқ. Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға табиғи газ белгіленген көлем мен кестеге сәйкес тасымалданып жатыр" деп мәлімдеді сенбі күні энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Украина ақпарат құралдары, арасында"РБК-Украина"да бар, Қазақстан аумағы арқылы Ресей газын Өзбекстанға тасымалдайтын "Орта Азия - Орталық" газ құбырында жарылыстан кейін шикізат тасымалдау тоқтағанын жазған. Украиналық БАҚ-тың мәліметінше, 2 тамызда Ресейдің Волгоград облысында украиналық дрондардың шабуылы салдарынан газ құбырында жарылыс болған. Жарылыс туралы хабардан кейін Нехаев ауданы Диномовск ауылына құқық қорғау органдары, жөндеу бригадасының өкілдері бар.
"Орта Азия - Орталық" – совет кезінде Орталық Азия елдерінен Ресейге табиғи газ тасымалдау үшін төселген магистралды газ құбыры жүйесі. 2023 жылдың күзінен бастап сол құбыр арқылы Ресейден Қазақстан арқылы Өзбекстанға газ тасымалдана бастады. Газдың бір бөлігі Қазақстанға – ішні нарықтағы тапшылықты толтыру үшін тасымалданады.
2023 жылы 1.3 млрд текшеметр газ тасымалданса, былтыр осы көлемді 4 млрд текшеметрге жеткізу жоспарланған.
Вашингтон Бакумен Әзербайжан және Орталық Азия елдерін Авраам келісіміне қосу мәселесін талқылап жатыр

АҚШ президентінің кеңсесі Бакумен бірге Израильмен қарым-қатынасты тереңдету мақсатында Әзербайжан және Орталық Азиядағы кейбір одақтастарын Авраам келісіміне қосу мәселесін қызу талқылады. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Reuters жазды.
Дональд Трамптың алғашқы президенттігі тұсында осы келісім аясында басым көпшілігі мұсылмандардан құралған төрт мемлекет АҚШ-тың араағайындық етуімен Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасты қалыпқа келтірген.
Әзербайжан және Орталық Азия елдері Израильмен көп жыл бұрын қарым-қатынас орнатқан және егер олар келісімге қосылса, бұл қадамның негізінен символдық сипаты болады және сауда мен әскери әріптестікті нығайтуға бағытталған деді Reuters дереккөздері.
Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф наурызда Бакуге барып, Әзербайжан президенті Илхам Әлиевпен кездескен. Кейін Бакуге Авраам келісімін талқылау үшін Уиткоффтың көмекшісі Арье Лайтстоун барған.
Талқылау кезінде әзербайжан шенеуніктері келісімге қосылуға "мүдделері бар-жоғын білу үшін" Орталық Азия елдерінің ресми тұлғаларына, оның ішінде Қазақстан да бар, хабарласқан. Дереккөздің айтуынша, бұл мәселе бойынша Қазақстаннан бөлек Орталық Азияның тағы қандай елдерімен байланыс орнатылғаны белгісіз.
АҚШ мемлекеттік департаменті Reuters агенттігіне Орталық Азияның нақты қай елдерімен мәселе талқыланғанын айтпаған, бірақ келісімді кеңейту Трамптың негізгі жоспарларының бірі екенін растаған. "Көбірек елді тартуға күш салып отырмыз" деді АҚШ мемлекеттік департамент өкілі.
Әзербайжан үкіметі түсініктеме беруден бас тартты. Ақ үй, Израиль мен Қазақстанның АҚШ-тағы өкілдіктері де ресми сауалға жауап бермеген.
БАӘ, Бахрейн, Марокко және Судан қол қойған Авраам келісімі Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруді көздейді.
Бірқатар араб елдері келісімнен бас тартқан. Сауд Арабиясы Израиль Палестина мемлекетін мойындамайынша Израильді мойындамайтынын айтқан. Израиль әскерінің операциясы салдарынан адам өлімі артып, гуманитарлық көмек бұғатталғандықтан Газаны аштық жайлауына араб елдері наразы болған. Осы жайт мұсылман елдерінің келісімге қосылуын қиындатып отыр.
Ресей үкіметі мигранттарды орыс тілі емтиханынан кейін ғана жұмысқа орналастыруды ұсынды

Ресей еңбек министрлігі Ресей азаматтарымен қарым-қатынас жасауды талап ететін жұмыстарға орыс тілін білмейтін шетел жұмысшыларын жалдауға тыйым салатын заң жобасын әзірледі. Мәселе атап айтқанда, жүргізушілер мен сатушылар, медицина қызметкерлері жөнінде болып отыр деп жазды ведомствоның баспасөз қызметіне сүйенген ТАСС агенттігі.
Агенттіктің жазуынша, мәселе Ресеймен визалық режим орнатқан Қытай, Үндістан, Түркия және өзге де елдерден келетін мигранттар жөнінде болып отыр.
Ресейдегі мигранттардың едәуір бөлігі Орталық Азия елдерінен келген, бұл елдермен визасыз режим орнаған. Десе де, бұл елдердің азаматтарында да жұмыс істеу патентіне ие болу үшін өзге құжаттармен қатар орыс тілі емтиханының сертификаты болуы керек.
Ал алдағы уақытта еңбек министрлігі қайтадан орыс тілін міндеттейін деп отырған мигранттарға келсек, олар визалық режим орнаған елдерден квотамен келеді. Квота жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес рәсімделеді.
Биыл шілде соңында мемлекеттік дума осындай мигранттарды тіл емтиханынан босататын заң жобасын қабылдаған. Бірақ құжатты спикер Вячеслав Володин сынап, "халықпен қарым-қатынас жасауға тиіс жүргізуші, сатушы сияқты мамандық иелері тіл білуі керек қой" деген. Аталған заң жобасы осы мәлімдемеге орай әзірленген. Дума оны күзгі сессияда қарайды.
ҚазТАГ дереккөзі: көлік вице-министрі ұсталды

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев ұсталды деп хабарлады құқық қорғау органдарындағы дереккөзге сүйенген ҚазТАГ агенттігі.
Вице-министр ұсталғанын растаған дереккөз дегенмен жай-жапсарын айтпаған. Бұған дейін бірқатар телеграм-арналар шенеунік "78 мың доллар көлемінде пара алды" деген күдікке ілінгенін жазған. Kozachkov offside арнасы тергеу "автомобиль жолдары комитетіндегі жұмыспен" байланысты деп хабарлады.
Көлік министрлігінің баспасөз қызметі ҚазТАГ агенттігіне вице-министрдің ұсталғаны туралы ақпаратты растаған жоқ және жоққа да шығармаған. Сенбі күні Азаттық та көлік министрлігінен жауап ала алған жоқ. Ведомствоның ресми сайтында Аблалиев вице-министр ретінде көрсетілген.
Аблалиев көлік вице-министрі қызметін 2023 жылдың қазанынан бастап атқарып келеді. 54 жастағы шенеунік оған дейін шамамен екі жыл Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған.
Трамп Медведевтің "АҚШ-Ресей соғысы" туралы сөзінен кейін екі сүңгуір қайықты орналастыруға бұйрық берді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведевтің "Ресей-АҚШ арасындағы соғыс ықтималдығы туралы" сөзіне жауап ретінде "тиісті аумаққа" екі сүңгуір қайығын орналастыру туралы бұйрық берді. Болжам бойынша, мәселе Ресеймен соғыс тұтанған жағдайда атом оқтұмсығы бар ракеталарды ұшыратын аумаққа сүңгуір қайықтарды жіберу жөнінде болып отыр.
"[Медведевтің] ақымақ және азғындаушы мәлімдемелері жәй сөз емес, одан да ірі нәрсе болып жүрмесін деп тиісті аумаққа екі ядролық сүңгуір қайықты орналастыруды бұйырдым. Сөздің үлкен мәнісі бар және көп жағдайда салдарын алдын ала болжау қиын. Нақты жағдайда бұл бола қоймас деп үміттенемін" деп жазды Трамп Truth желісінде.
Жуырда Медведев әлеуметтік желіде Трампқа қайырылып, оның Ресейге қатысты ультиматумдары "соғысқа қадам" болуы мүмкін екенін айтқан. Ол Трампты АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденнің жолымен жүрмеуге шақырған. Мәскеу Байденді Ресеймен қарым-қатынасты ушықтырды деп айыптаған.
Маусымда Трамп Truth желісінде Медведевтің өзге елдер Иранға ядролық қару беруге дайын деген сөзіне реакция білдіріп, америкалық сүңгуір қайықтарды мақтаған.
"Біздің ең қуатты қаруымыз - атом сүңгуір қайықтары қалғандардан 20 жыл алда тұр. Бұл бұрын-соңды жасалған қарулардың ең қуаттысы" деп жазды Трамп. Бұған жауап жазған Медведев [Иранға] қаруды Ресей береді деп меңземегенін айтқан.
Екі саясаткер кейінгі күндері бір-біріне қарата мәлімдемелер жасап келе жатыр.
РБК-ның жазуынша, Трамптың жазбасынан кейін Мәскеу биржасының индексі күрт төмендеп, ал Brent маркалы мұнай қымбаттап, бір баррелі 70 доллардан асты.
Әзербайжан басылымы Калининградты Кенигсберг деп атады

Әзербайжанның Minval басылымында Ресейдің Калининград қаласы Кенигсберг ретінде аталған. Мысалы, сондағы жаңалықтардың бірі "Ресей Кенигсбергте С-400 және соққы жүйелерін орналастарды" деп аталады.
Басылым ТАСС агенттігінің Қарабақтағы Ханкенд қаласында суретші Иван Айвазовскийдің ескерткіші бұзылғаны туралы жаңалыққа осылайша реакция білдірді. Ресейлік агенттік жаңалықта советтік топонимдер қолданған - Қарабақтың орнына Таулы Қарабақ және Ханкендтің орнына Степанакерт атауын пайдаланған.
Әзербайжан сыртқы істер министрлігі протест білдіріп, ТАСС-тан мәтінді түзеуді талап етті.
Әзербайжанның АЗЕРТАДЖ мемлекеттік агенттігі Әзербайжан да ресейлік қалалардың тарихи немесе түрік атауларын пайдалана бастайды деп мәлімдеді – мысалы, Калининградтың орнына – Кенигсберг, Оренбургтың орнына - Орынбор, Волгоградтың орнына – Сарысу.
Баку сынынан кейін ТАСС Степанакертті Таулы Қарабақ қылып өзгертті. Ізінше қосымша өзгерту енгізіп, тақырыпта Қарабақ, мәтінде "Ханкенд" атауларын қолданды.
Халықаралық құқық бойынша, Таулы Қарабақ – Әзербайжан жері. Аймақ 1990 жылдардағы соғыстан кейін Ереван қолдауына ие жікшіл армяндардың қолында еді. 2020 жылы алты апталық соғыста Әзербайжан аймақтың едәуір бөлігін өз бақылауына алған.
2023 жылы қыркүйекте Әзербайжан армиясы Таулы Қарабақта әскери операция бастап, аймақты толық басып алды. Жүздеген мың армян баспанасын тастап, қашып кеткен. Таулы Қарабақ жетекшісі Самвел Шахраманян 28 қыркүйекте жікшіл "республика" 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылатыны туралы жарлыққа қол қойған.
Иван Айвазовскийге (Ованнес Айвазян) ескерткіш 2021 жылы ресейлік бітімгерлердің қатысуымен орнатылған. Ресейлік бітімгерлер 2020 жылы Қарабақта атыс тоқтағаннан кейін сол жаққа орналастырылған еді. Бакудің айтуынша, ескерткіш заңға қайшы орнатылған.
Ресей президентінің халықаралық мәдени әріптестік жөніндегі өкілі Михаил Швыдкой өкініш білдіріп, "ескерткіштермен күресті" тоқтатуға шақырған. Мәскеу аннексиялап алған Қырым жетекшісі Сергей Аксенов Әзербайжан сүріп тастаған ескерткішті өздерінде орнатуға дайын екенін мәлімдеген.
Айвазовскийдің ескерткішінің бұзылғаны жөнінде хабар Баку мен Мәскеу арасы 27 шілдеде Екатеринбургте әзербайжан диаспорасының өкілі ұсталғаннан кейін суыған шақта тараған. Рейд кезінде екі адам қаза болған. Әзербайжан сараптамасының қорытындысы бойынша, олар ұстау кезінде алған жарақаттан қаза болған.
Әзербайжанда есірткінің заңсыз айналысы және киберқылмысқа қатысы бар деген күдікпен Ресей азаматтары да ұсталған.
Журналистер Украинада Ресей жағында соғысып қаза болған кемінде 121 507 адамның аты-жөнін жариялады

"Медиазона", BBC-дің Орыс қызметі және еріктілер ашық дереккөздерге сүйене отырып, Украинада Ресей жағында соғысып қаза болған кемінде 121 507 адамның аты-жөнін жариялады.
"Медиазона" мұрагерлік істерге сүйене отырып, ресейліктер арасындағы "шамадан көп адам өлімін" зерттеді. (Методолгиясымен мына жерде танысуға болады). Есепке сүйенсек, қаза болғандардың саны шамамен 165 мыңға жуықтайды.
Соғыста қаза болғандардың барлығының деректері ашық дереккөздерде жариялана бермейді, ал жарияланған деректердің барлығын еріктілер мен журналистер табады деп айту қиын. Демек, Ресей әскері арасындағы адам шығыны бұдан да көп болуы ықтимал.
Ресей мен Украина соғыста қаза болған әскерінің санын айтпайды. Осыған ұқсас украиналық жоба украин әскері кемінде 145 800 адамынан айырылды деп санайды.
Bloomberg: Ресей мұнайын тиеген төрт танкер Үндістан жағалауында тұр

Ресей мұнайын тиеген кемінде төрт танкер Үндістан жағалауында тұрып қалды деп хабарлады Bloomberg агенттігі. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мұнайын сатып алатын Үндістаннан келетін тауарларға 25 пайыздық баж салығын жариялаған.
Achilles және Elyte кемелері қазіргі кезде Үндістанның Джамнагар қаласына жақын жерде тұр – Сикка портына жүк түсіру 2-3 тамызға жоспарланған. Bloomberg-тің жазуынша, екі танкер де ЕО және Ұлыбританияның санкциясына ілінген. Жағалауға алыс жерде тағы Destan және Horae танкерлері тұр.
Bloomberg-тің жазуынша, Трамптың баж салығы туралы мәлімдемесінен кейін Нью-Дели мұнай өңдеу компанияларына өзге елдерден мұнай сатып алу жоспарын әзірлеуді сұраған.
Жақында Үндістанның ірі төрт мұнай өңдеу зауыты Ресей мұнайын сатып алуды доғарған еді. Олар Үндістанның бүкіл мұнай өңдеу қуатының 60%-дан астамын қамтамасыз етеді. Ақпаратқа қарағанда, Ресей мұнайын үнді зауыттары БАӘ және Батыс Африканың мұнайымен алмастырып жатыр.
Дональд Трамптың 100%-дық салық салу туралы қоқан-лоқысынан бөлек, Үндістанның Ресей мұнайынан бас тартуына Мәскеудің жеңілдіктіктерінің азаюы да түрткі болған.
Трамп ондаған елге сауда салығын белгіледі

АҚШ президенті Дональд Трамп ондаған елге сауда салығын белгіледі. Арасында Қазақстан да бар. 7 тамызда күшіне енетін Трамп жарлығына сәйкес, Қазақстаннан баратын тауарларға 25% салық салынады. Бұған дейін Қазақстанға қатысты 10%-дық салық болған.
Қазақстан сауда министрлігінің айтуынша, 25 пайыздық салық Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың 95 пайызына қатысы жоқ.
Ведомствоның хабарлауынша, экспортталатын тауарлардың негізгі бөлігі қосымша тарифсіз тасымалданады, жаңа салық ережесі мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантан, титан сияқты негізгі шикізат түрлеріне қатысы жоқ.
АҚШ президенті Дональд Трамп қол қойған, Ақ үй сайтында жарияланған жарлықта 69 елден келетін тауарларға 10-41 пайызға дейін салық салынатыны жазылған. Ең көп салық Сирия — 41%, Лаос және Бирмаға 40% салынған. Ең аз— 10% Ұлыбритания және Фолкленд аралдарында.
Трамп Канадаға да салықты 25%-дан 35%-ға дейін өсірді. Баспасөз хабарламасында мұндай шешім Канаданың фентанил және өзге де тыйым салынған есірткі түрлеріне қатысты "әрекетсіздік" танытуымен байланысты деп жазылған.
2025 жылы қаңтарда сол кездегі Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо Канада шекарасы АҚШ қауіпсіздігіне қатер төндіретіні жөнінде мәлімдемены жоққа шығарған. Оның сөзінше, Канададан АҚШ-қа фентанилдің 1%-ға жетпейтін бөлігі және заңсыз мигранттардың 1% жетер-жетпес бөлігі барады.
АҚШ сауда министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы АҚШ Канададан құны 477 млрд доллар болатын тауар мен қызмет түрлерін импорттаған, есесіне құны 441 млрд доллар болатын тауарды экспорттаған.
Канаданың премьер-министрі Марк Карни Трамптың шешімінен көңілі қалғанын мәлімдеп, канадалық жұмыс орындарын қорғау үшін және ел экспорты нарығын диверсификациялау үшін шара қолданатынын айтты.
Ұлттық банк валюта нарығында 125,6 млн доллар сатып, интервенция жүргізді. Доллар 540 теңгеге түсті

Ұлттық банк валюта нарығында 125,6 млн доллар сатып, интервенция жүргізді. Доллар 540 теңгеге түсті.
Ұлттық банктің хабарлауынша, шілдеде теңге 4% әлсіреген, осылайша доллар 419 теңгеден 440 теңгеге дейін бір-ақ қымбаттаған.” Валюта нарығындағы өтімділік барынша төмендеп, алыпсатарлық қысымның күшеюіне байланысты” 30 шілдеде Ұлттық банк интервенция жүргізген.
“Интервенцияларды жүргізу алыпсатарлық белсенділікті төмендетуге және нарықта қажетті өтімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді” деп жазылған ресми хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа көлемі бір айда 235 млн доллардан 260 млн АҚШ долларына дейін ұлғайған. Жалпы сауда-саттық көлемі 5,7 млрд доллар болған.
Шілдеде Ұлттық қордан 700 млн доллар валюта сатылған. Тамызда бұл көрсеткіш 400-500 млн доллар болады деген жоспар бар.
Kurs.kz мәліметінше, 1 тамызда Алматының айырбастау пунктерінде доллар 542-544, Астанада – 545-547 теңге, Шымкентте 543 теңгеден сатылып жатты.
Бұған дейін Ұлттық банк жетекшісі Тимур Сүлейменов қаржы нарығындағы валюта бағамына сұраныс пен ұсыныс әсер еткен деп түсіндірген.
"Қазір бағамға негізгі қысымды нарық факторлары: бюджет қаражатының белсенді игерілуі, импортты көбірек сатып алу, оған қоса маусымдық дивидендтер төлеу мен туристер сұранысы қалыптастырып отыр. Алыпсатарлар белсенділігін байқамадық – жағдай тұрақты және оны бақылап отырмыз", – деп жазды Сүлейменов Facebook желісінде.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) мамандары теңгенің әлсіреуін макроэкономикалық негіздермен түсіндіру қиын дейді. Сарапшылардың пікірінше, жеке тұлғалар да, нарық ойыншылары да доллар бағасы өсіп кетеді деген болжаммен валюта сатып алуға асықты. Соның нәтижесінде сұраныс ұсыныстан артып, доллар бағамы шарықтап шыға келді деп түсіндіреді олар.
Киевте Ресей әскерінің соққысынан қаза болғандар 26 адамға жетті

Ресей әскерінің 31 шілдеде Киевке жасаған шабуылынан қаза болғандар 26 адамға жетті деп хабарлады қалалық әскери әкімшілігінің жетекшісі Тимур Ткаченко.
Құтқарушылар бейсенбі күні кешке және жұмаға қараған түні үйінді астынан тағы он мәйітті алып шығарды, арасында екі жасар бала да бар.
Шабуылдан 160-қа жуық адам жарақаттанған. Іздестіру-құтқару жұмысы жалғасып жатыр.
Киевте 1 тамызда қаралы күн жарияланды.
Ресей қорғаныс министрлігі бейсенбі күні бейсенбіге қараған түні "Украинаның әскери аэродромы мен әскери қоймасының инфрақұрылымына зымыран мен дрондармен соққы бергенін" хабарлады. Алайда Киевтегі тұрғын үйлердің қирағаны және бейбіт тұрғындардың қаза болғаны туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді.
Көкшетауда Жыланбаевтың видеосын талап еткен белсенді қамалды

Көкшетау әкімшілік соты “полиция талабына бағынбады” деп айыпталған азаматтық белсенді Назгүл Жүсіпованы 10 күнге қамады.
Сот қаулысында белсендінің 28 шілдеде Ақмола облыстық полиция департаменті ғимаратында полиция қызметкерінің “намысына тиетін сөз айтып”, “өзін дөрекі ұстағаны” жазылған.
Сотта белсенді тағылған айыптармен келіспеген.
Назгүл Жүсіпова – түрмедегі Марат Жыланбаевтың видеосын талап еткен екі көкшетаулық белсендінің бірі. Өткен аптада Жыланбаевты видеодан көрген белсенділер оны танымай қалғанын, оның құр сүлдері қалғанын айтып, шошығанын жеткізген.
Құқық қорғаушылар мен белсенділердің дабылынан кейін желіде Жыланбаевтың қырынан және арқасынан қарап тұрған суреттері жарияланды. Кейбір қолданушылар қырынан және арқасынан түсірілген суреттерден адамның жағдайын бағалау мүмкін емес екенін айтып, Жыланбаевтың видеосын жариялауды және оған тәуелсіз құқық қорғаушыларды кіргізуді талап еткен.
Жыланбаевтың денсаулығына байланысты дабыл қаққан құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаны 31 шілдеде Алматы соты “жалған ақпарат тарату” бабы бойынша кінәлі деп танып, 78 мың теңге айыппұл салды.
Путин экстремистік материал іздегендерге айыппұл салатын заңға қол қойды

Ресей президенті Владимир Путин интернеттен экстремистік материалдарды қасақана іздегендерге жауапкершілік жүктейтін заңға қол қойды. Бұған VPN қолдану жағдайлары да кіреді.
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап осындай материал іздегендерге 3-5 мың рубль көлемінде айыппұл салынбақ.
Заңда VPN-ге қатысты жеке пункт бар. VPN-ді жарнамалағандарға 50-80 мың рубль көлемінде айыппұл салынады, лауазымды тұлғаларға – 80-150 рубль, заңды тұлғаларға – 200-500 мың рубль айыппұл қарастырылған.
VPN жағдайды ауырлататын әрекет ретінде саналмақ.
Байланыс министрі Мақсұт Шадаевтың түсіндіруінше, тыйым салынған материалдарды әдейі іздемеген қолданушыларға заңның қатысы жоқ. Әрбір жағдайда әрекеттің қасақана істелгені-істелмегені дәлелденуі керек.
ПІКІРЛЕР