Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Путин экс-президентке "өмір бойы" сенатор болу құқығын беретін заң жобасын ұсынды

Ресей президенті Владимир Путин федерация кеңесі мүшелерінің алдында сөйлеп тұр. Мәскеу, Ресей. 23 қыркүйек, 2020
Ресей президенті Владимир Путин федерация кеңесі мүшелерінің алдында сөйлеп тұр. Мәскеу, Ресей. 23 қыркүйек, 2020

Ресей президенті Владимир Путин 31 қазанда парламенттің төменгі палатасы – мемлекеттік думаға экс-президенттің өмір бойы сенатор болуына рұқсат беретін заң жобасын ұсынды. Президенттің мұндай ұсыныс жасауына бірнеше ай бұрын референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер мүмкіндік береді.

Заң жобасына сәйкес, өкілеті аяқталған немесе отставкаға кеткен Ресей президенті өмір бойы парламенттің жоғарғы палатасы – федерация кеңесінің депутаты қызметін атқара алады. Бұл үшін ол федерация кеңесіне тиісті құжаттарын тіркей отырып, өтініш беруі керек. Экс-президент өкілеті аяқталған соң үш ай мерзім ішінде осындай өтінішті бір мәрте бере алады.

Бұған қоса, заң жобасында президентке "ғұмыр бойына" сенаторлар тағайындау құзыреті берілген. Президент ең көп дегенде жеті адамды "ғұмырлық" сенатор етіп тағайындай алады. Бұл заң қабылданса, Путин жалпы 30 адамды федерация кеңесіне өз атынан жіберуге құқылы, бірақ олардың басым бөлігі 6 жыл мерзімге тағайындалады.

"Сенаторларды тағайындау – президенттің міндеті емес, құқығы, президент мұны өз қалауы бойынша кез келген уақытта жүзеге асыра алады" деді мемлекеттік думаның мемлекеттік құрылыс және заңнама комитетінің төрағасы Павел Крашенинников.

Заң жобасына сәйкес, президент белгілі бір талаптарға сай келетін адамдарды "өмір бойына" президент етіп тағайындай алады.

Ол үшін үміткер 30 жасқа толған, Ресей аумағында тұрақты тұратын және бақа ешбір елдің азаматтығын не ол ел аумағында тұруға рұқсат беретін ықтиярхатын алмаған, "кіршіксіз абырой-беделі бар" адам болуы керек.

Конституция талаптарына сәйкес, "мемлекеттік және қоғамдық істерде елге ерен қызмет еткен азаматтар" "өмір бойына" сенатор болып тағайындала алады.

Биылғы 25 мамыр – 1 маусым аралығында Ресейде президент Владимир Путиннің ұсынысымен Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдум өткен. Референдумда елдің негізгі заңына 22 өзгеріс ұсынылған. Өзгерістер президенттің үкіметке және соттарға ықпалын күшейтеді әрі 20 жылға жуық билікте отырған Путиннің осыған дейінгі президенттік мерзімдерін "нөлден бастайды".

Ресми қорытынды бойынша, Конституцияға ұсынылған өзгерістерді дауыс беруге қатысқандардың шамамен 78 пайызы қолдаған.

Халықаралық қоғамдастық бұл өзгерістерді де, референдумның ұйымдастырылуын да сынға алған.

Басқа да жаңалықтар

АҚШ кей елдердің азаматтарына виза берерде ірі көлемде кепіл жарнамасын талап етпек

АҚШ шетел азаматтарына туристік және бизнес визаларын берерде 15 мың долларға дейін кепіл жарнамасын талап етеді. Бұл келушілердің виза мерзімі аяқталғанда АҚШ аумағынан кетуіне кепілдік болмақ. Мұны дүйсенбі күні Мемлекеттік департамент мәлімдеді.

Виза алушылардан 5 мыңнан 15 мың долларға дейін кепіл жарнасы алынады. Бұл сома шетел азаматтары АҚШ-тан кеткенде қайтарылады. Кепіл жарнасының көлемін АҚШ консулдықтары анықтайды. Болжам бойынша, жарнаның орташа көлемі 10 мың доллар болмақ.

Бұл талап АҚШ көші-қон заңын жиі бұзатын азаматтардың елдеріне және құжат беру кезінде тексеру амалдарын дұрыс жүргізбейді деген мемлекеттердің азаматтарына қойылады. Сондай-ақ кепіл жарнасы АҚШ-тың сыртқы саясаттағы мүдделеріне қарай да қойыла береді.

Мемлекеттік департамент әлі бұл талап қойылатын елдер тізімін жариялаған жоқ. Баспасөз құралдарының жазуынша, тізімге Чад, Эритрея, Гаити, Мьянма, Йемен, Джибуту, Бурунди және Того елдері кіруі ықтимал.

Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің заңсыз миграциямен күрес жөніндегі қадамдарының бірі ретінде қарастырылады. Маусым айында Трамп ұлттық қауіпсіздік мақсатында 19 елдің азаматтарына елге кіруге жартылай немесе толықтай тыйым салатын жарлыққа қол қойған. АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігінің дерегінше, 2023 жылы 500 мың шетелдік азамат виза мерзімі аяқталғаннан кейін елден шықпай қалған.

Жаңа ереже 20 тамызда күшіне енеді.

"Хочу жить" жобасы: Биыл Ресей әскері кемі 327 қырғыз азаматымен шарт жасасқан

Russian soldiers
Russian soldiers

2025 жылы Ресей әскерінің қырғыз азаматтарын жалдауы алаңдатарлық күйде қалып отыр. Бұл туралы украиналық "Хочу жить" жобасы мәлімдеді.

Әскери тұтқындар мәселесі жөніндегі үйлестіру штабының "Хочу жить" жобасы биыл жыл басынан бері кемі 327 адам Ресей әскерімен шартқа отырғанын айтады.

"Іс жүзінде бұл сан одан жоғары болуы ықтимал, өйткені тізімде тек Қырғызстан азаматтары көрсетілген. Онда осы елден шыққан, бірақ қазір Ресей азаматтығында жүргендер жоқ" дейді "Хочу жить" жобасы.

Сәуір айында "Хочу жить" 2023-2024 жылдары Ресей әскеріне жалданған 360 қырғыз азаматының тізімін жариялаған.

"Ресейлік жалдаушылар қырғыз азаматтарын соғысқа аттандырып жатқанын, мәселенің ауқымын [Қырғызстанның] өзінде біліп отыр. Мәселен, биыл сәуірде Ош қаласында жалдамалы сарбаздарды қатарына тартты деген айыппен төрт адам ұсталған. Олардың арасында сол қаладағы "Орыс үйінің" қызметкері де бар. Оларды уақытша қамау изоляторынан үйқамаққа жібергеніне қарамастан, қылмыстық іс жалғасып жатыр" — дейді жоба авторлары.

"Ресей әскеріне адам жалдау науқанына қырғыз азаматтарының түсіп қалу қаупі жоғары, өйткені түрлі есеп бойынша Ресейде 450 мыңға тарта қырғыз мигранты жұмыс істейді. Бұл елде мигранттарды жаппай ұстап, жосықсыз тексеру қалыпқа айналған. Ресей полициясының қолына түскен қырғыз мигранттары түрлі қысымға душар болады: оларды депортациялаумен, қылмыстық қудалаумен қорқытады. Кейде Ресей азаматтығын жылдам алуды ұсынады" дейді "Хочу жить" соғысқа жалданған мигранттарды әдетте қан майданға бірден жіберетінін ескертіп.

Украиналық жоба 57 жастағы қырғыз азаматы Әлішер Тұрсыновты мысал еткен. Ол 2024 жылы Ресейдің Рязань қаласына баласын көріп қайту үшін барған. Полицейлер оны дүкен маңынан ұстап алып, полиция бөліміне апарған да, ол жақта ұрып-соққан, келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Санаулы күнде ол Луганск облысындағы майданнан бір-ақ шыққан.

"Ресей отарлаушы империя ретінде көршілерінің адам ресурсын сарқымай тоқтамайды. Ресейлік тойтарыс көрмейінше қырғыз азаматтарын ақша беріп өлімге айдай береді. Бұл өздігінен тоқтамайды. Қырғызстан билігі азаматтарын қорғауға, Ресейге бұл азаматтарды өз мақсатына пайдалануға жол бермеуге ақылы мен саяси ерік-жігері жетеді деп үміттенеміз" деп жазды "Хочу жить".

Украиналық жоба осыған дейін Ресей әскері Украинадағы соғысқа жалдаған қазақстандықтар мен өзбекстандықтар тізімін жариялаған.

Жобаның дерегінше, Украина әскеріне тұтқынға түскен шетелдіктер арасында Өзбекстан азаматтары бірінші орында. Биыл кемі 902 Өзбекстан азаматы Ресей әскерімен шарт жасасқан.

Екі апта бұрын "Хочу жить" 2025 жылдың басынан бері Ресей әскеріне жалданған 500-ден астам Қазақстан азаматының тізімін жариялады. Жобаның көктемде мәлім еткен тізімінде 661 қазақстандық болған.

Израиль Газа аймағын жеке саудагерлер үшін ішінара ашпақ

Гуманитарлық орталықтан азық-түлік алып қайтып бара жатқан палестиналықтар. Газа аймағы, 3 тамыз 2025 жыл.
Гуманитарлық орталықтан азық-түлік алып қайтып бара жатқан палестиналықтар. Газа аймағы, 3 тамыз 2025 жыл.

Израиль Газада гуманитарлық көмекке мұқтаждықты жеңілдету үшін аймақты жеке сауда-саттық үшін ішінара ашпақ. Бұл туралы Израиль қорғаныс министрлігінің Палестина жеріндегі азаматтық істерге жауапты қызметі мәлімдеді.

"Қорғаныс органдары механизмді әзірлеу аясында санаулы жергілікті саудагерлерді мақұлдады. Оларға бірқатар талап қойылып, қатаң тексеруден өтеді" деді қорғаныс министрлігінің қызметі.

Газа аймағындағы палестиналық ХАМАС қарулы тобымен (Еуроодақ пен АҚШ бұл топты террор ұйымы деп таныған) 22 ай бойы соғысып келе жатқан Израиль 2 наурызда аймақты толықты бөгеп тастады да, мамыр айында АҚШ қолдаған жеке агенттікке азық-түлік тарату орталықтарын ашуға рұқсат беріп, құрсауды ішінара ашты.

БҰҰ сарапшылары соғыстан әбден титықтаған Газа аймағында аштық күшейгенін мәлімдеген соң, өткен айда араб және Еуропа елдеріне әуеден гуманитарлық көмек тастауға рұқсат етілді.

Израиль қорғаныс министрлігіне қарасты агенттіктің мәлімдеуінше, жекеменшік сектор арқылы жеткізілетін тауарға ақы банк төлемдері төленеді, ол төлемдер Израиль әскерінің қатаң бақылауынан өтеді. Агенттік бұл шара осы іске ХАМАС-тың араласуына жол бермеу үшін қажеп деп отыр.

COGAT мәлімдемесінде жекеменшік сектор арқылы жеткізілетін тауарлар бақылаудағы банктік аударымдар арқылы төленетіні және ХАМАС террорлық ұйымының араласуын болдырмау үшін Израиль әскері мұқият тексеретінін айтылған.

Жаңа механизм бойынша рұқсат етілген тауарлар қатарына азық-түлік, жеміс-жидек, көкөніс, нәрестелерге арналған құрғақ сүт және гигиеналық заттар кіреді.

AFP жаңалығы.

Мәскеу орта және жақын қашықтыққа ұшатын зымырандарын орналастыруға дайын екенін айтты

Ресей орта және жақын қашықтыққа ұшатын зымырандарын орналастыруға дайын екенін мәлімдеді. Қаруды бұл түрі 1987 жылғы келісім аясында шектеліп келген. Бірақ 2019 жылы АҚШ Ресейдің "Искандер" кешеніне арналған зымырандарының бірі келісім шартын бұзады деп, келісімнен шығатынын айтқан.

Мәскеу осыдан кейін НАТО мұндай қаруды орналастырмаған аймақтарға орта және жақын қашықтыққа ұшатын зымыран кешендерін құрмайтынын мәлімдеген. 2019 жылы Ресей президенті Владимир Путин Батыс елдеріне мораторийге қосылуды ұсынған. Желтоқсанда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұл шектеулерді "өміршең емес" деп сипаттады.

Кремль бұған дейін келісім аясында тыйым салынған зымырандардың жаңа түрін әзірлеп жатқанын хабарлаған. Путин бұл жөнінде мәлімдеме жасап, АҚШ Германияда зымыран кешендерін орналастыратын болса, Ресей жауап қатады деген. Берлин америкалық зымырандарды орналастыру мәселесі Ресейдің Украинаға басып кіруінен туғанын, мұны Ресейге төтеп беру амалы деп қарастыратынын мәлімдеген.

Орта және жақын қашықтыққа ұшатын зымырандар – бұл жерүсті баллистикалық және қанатты зымырандар. Олар әдетте ядролық оқтұмсықпен жабдықталып, 500 шақырымнан 5500 шақырымға дейін ұшады. Мұндай зымырандардың нысанаға жақын орналасуы мен ұшу уақытының аздығы қарсы тарапқа ядролық соққыға жауап беруге мүмкіндік бермеуі мүмкін.

Израиль құпия органдарының бұрынғы қызметкерлері Трамптан Газадағы соғысты аяқтауды өтінді

Израиль қорғаныс министрлігі алдындағы қарсылық акциясы. Наразылар израильдік тұтқындарды босату мәселесін тез шешуді талап етіп тұр. 7 қазан 2023 жыл.
Израиль қорғаныс министрлігі алдындағы қарсылық акциясы. Наразылар израильдік тұтқындарды босату мәселесін тез шешуді талап етіп тұр. 7 қазан 2023 жыл.

Израильдің барлау қызметі "Моссадтың", қауіпсіздік қызметі "Шабактың" және өзге де құпия органдарының 550-ден астам бұрынғы қызметкері АҚШ президенті Дональд Трампқа ашық хат жазып, Израиль премьері Биньямин Нетаньяхуға ықпал етіп, Газа аймағындағы соғысты аяқтауға үлес қосуды сұрады.

"Біздің кәсіби көзқарасымыз бойынша, ХАМАС енді Израиль үшін стратегиялық қауіп көзі емес" деп келтірді хат мәтінін AFP агенттігі.

"Шабактың" бұрынғы басшысы Ами Айалон видеоүндеу жолдап, онда: "Әуелі бұл әділетті қорғаныс соғысы болды. Бірақ әскери мақсатымызға қол жеткізген соң, соғыс [әділетті болудан] қалды" деді. Оның сөзінше, 23 айға ұласқан қақтығыс "Израильдің қауіпсіздігіне де, болмысына да" нұқсан келтіріп отыр.

Хатқа қол қойғандар арасында: "Моссадтың" бұрынғы басшылары Тамир Пардо, Эфраим Халеви, Дани Ятом; "Шабактың" бұрынғы басшылары Ами Айалон, Надав Аргаман, Йорам Коэн, Яаков Пери, Карми Гилон; ЦАХАЛ бас штабының бұрынғы басшылары, экс-премьер Эхуд Барак, бұрынғы қорғаныс министрі Моше Яалон және генерал Дан Халуц бар.

Хат авторларының жазуынша, Израиль әскері қол жеткізуге болатын мақсат-міндеттерін орындап қойған: ХАМАС-тың әскери инфрақұрылымын істен шығарған, оның Газадағы басшыларының көзін жойған.

"Үшінші және ең маңызды мақсат кепілге алынғандардың бәрін қайтару болса, оған тек келісім арқылы ғана қол жеткізуге болады" дейді авторлар. "ХАМАС-тың қалған басшыларын қудалауды одан кейін де жалғастыруға болады".

Олардың сөзінше, Трамптың израильдықтар арасында беделі зор, сол себепті ол Нетаньяхуға ықпал ете алады.

Хатқа қол қоюшылардың айтуынша, атыс тоқтаған соң, АҚШ басшысы аймақтық коалицияның құрылуына және Палестина автономиясын қайта құрылымдауға үлес қоса алады. Ал өз кезегінде Палестина автономиясы ХАМАС билеп келген Газа аймағын бақылауға алар еді дейді олар. АҚШ пен Еуроодақ ХАМАС-ты террор ұйымы деп таныған.

Осы күндері Израильге халықаралық қысым күшейіп отыр. Атысты тоқтату, Газа аймағына гуманитарлық көмекті кіргізу, ХАМАС қолындағы тұтқындарды қайтару жөнінде үндеулер жиіледі.

"Хутор" тобына қатысы бар деген Хасан Қасымбаевтың ісі сотқа түсті

"Хутор" тобына қатысы бар деген Хасан Қасымбаев. Orda.kz басылымы жариялаған видеодан скриншот.
"Хутор" тобына қатысы бар деген Хасан Қасымбаев. Orda.kz басылымы жариялаған видеодан скриншот.

Хасан Қасымбаев есімді азаматтың үстінен қозғалған іс аяқталып, сотқа жолданды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады. Қазақстан баспасөз құралдары Қасымбаевтың "Хутор" қылмыстық тобымен байланыстырған.

Алматы облысы прокуратурасының ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабына қарағанда, Алматы облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы Хасан Қасымбаев пен өзге тұлғалардың үстінен қозғалған істі аяқтап, 21 шілде күні іс құжаттарын облыс прокуратурасына жолдаған. Ал прокуратура өз кезегінде 29 шілде күні айыптау актісін бекіткен де, істі Талғар аудандық сотына берген.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, Қасымбаевтың үстінен қозғалған іс аясында адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау фактілері бойынша тергеу амалдары жүрген.

Хасан Қасымбаев былтыр қарашада үш жылғы бұрынғы қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен қамауға алынған. Баспасөз құралдарының жазуынша, аталған қылмыс 2021 жылы болған, ол бойынша бес адам сотталған.

"Хутор" деген қылмыстық топтың БАҚ бетінде аталуы Алматы облысы Талғар қаласында Шерзат Полат дейтін жасөспірімнің кісі қолынан қаза табуынан соң жиіледі. Сол кезде осы топқа қатысы бар деп Қасымбаевты атағандар көп болған.

Биыл маусымда 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі бойынша тоғыз адам түрме жазасына кесілді.

Әлеуметтік желіде өлімге "Хутор" қылмыстық тобының қатысы болуы мүмкін, оның артында жергілікті кәсіпкер Хасан Қасымбаев тұруы ықтимал деген болжамдар айтылды. Ішкі істер министрлі мұндай қылмыстық топтың барын жоққа шығарды. Бірақ бір айдан соң Қасымбаевты қамауға алды. Оның бауыры Аслан Қасымбаев Шерзат Полаттың өлімінен соң Талғар ауданы аппаратының жетекшісі қызметінен босатылды.

Былтыр Orda.kz басылымы Хасан Қасымбаевпен болған сұхбатты жариялады. Онда Қасымбаев: "ешқандай заң бұзбағанын, сотталмағанын, адал еңбек еткенін айтқан".

Алматыда БҰҰ-ның өңірлік орталығы ашылды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш (ортада) Алматы қаласындағы БҰҰ өңірлік орталығында. 3 тамыз, 2025 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш (ортада) Алматы қаласындағы БҰҰ өңірлік орталығында. 3 тамыз, 2025 жыл.

Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық жұмысын бастады. Орталықты құру туралы келісімге қол қою рәсіміне БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Тоқаев бұл шара Қазақстан ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін де елеулі сипатқа ие екенін айтты.

"Біз халықаралық өзекті мәселелерді шешуге белсенді араласатын мәмілегер ретінде Орталық Азияның әлеуетін ашуға және жаһандық аренада конструктив әрі келешекті көздеген күн тәртібін дәйекті түрде ілгерілетуге ұмтыламыз. Осы орайда Алматы қаласында БҰҰ өңірлік орталығын ашу уақтылы және стратегиялық тұрғыдан маңызды қадам болып отыр" деді Тоқаев Алматыдағы жиында сөйлеген сөзінде.

Қазақстан президенті бұл орталық Арал теңізіндегі экологиялық дағдарыс пен Каспий теңізінің тартылуы сияқты проблемаларды шешу үшін "өңірлік ықпалдастықты нығайтып, оған Біріккен Ұлттар Ұйымын белсенді түрде тартуға" шақырды.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Алматыда өңірлік орталықтың ашылуын "Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың жаңа дәуірі" деп атады.

"Бұл орталық аймақ көшбасшылары арасындағы берік байланыстардың жан-жақты экономикалық интеграцияға қалай ұласатынын көрсететіндей әлеуетке ие" деді Гутерриш.

Биыл көктемде БҰҰ бас ассамблеясы Қазақстан бастамасымен осы орталықты құру туралы қарарды қабылдаған. Орталық өзге мәселелермен қатар Ауғанстанның тұрақты дамуына да мән береді.

Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан президенті Алматыға келген БҰҰ бас хатшысымен келіссөз өткізген. Келіссөз барысында БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы қызметінің жұмысы, Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесі, халықаралық және өңірлік күн тәртібі, сондай-ақ басқа да өзекті тақырыптар талқыланған.

4,2 миллиард доллардың айыппұлы: Қашағанды игеріп жатқан компаниялар Қазақстанды сотта жеңді

Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі Қашаған кен орны
Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі Қашаған кен орны

Қазақстандағы Қашаған мұнай кенішін игеріп жатқан компаниялар қоршаған ортаға келтірілген залал үшін 4 миллиард доллар экологиялық айыппұл салу туралы даулы іс бойынша Астананың апелляциялық сотында жеңіске жетті. Мұндай ақпаратты аталған жобадағы серіктестердің мәлімдемесіне сүйеніп Bloomberg агенттігі жазды.

Бұған дейін Қазақстан үкіметі NCOC бойынша серіктес мұнай компанияларына 2,3 трлн теңге (2022 жылдың аяғындағы бағаммен 5,1 млрд доллар, қазіргі бағаммен – 4,2 млрд доллар) көлемінде айыппұл салуға талпынған. NCOC (North Caspian Operating Company) – Солтүстік Каспий бойынша өнім бөлісу жайлы келісім аясында құрылған оператор компания.

"Біз апелляциялық сот шешімін құптаймыз. Бұл шешім NCOC компаниясының күкіртті басқару іс-шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына толық сай, қолданыстағы стандарттар мен халықаралық үздік тәжірибелерге сай және жауапкершілікпен іске асырылып жатқанын растайды", – делінген NCOC серіктестерінің бірлескен мәлімдемесінде.

Каспий теңізіндегі құны 55 миллиард доллар деп бағаланған Қашаған жобасын игеру ісі әу баста белгіленген мерзімінен кешігіп, шығындары артты деп жазды агенттік. Қазақстан билігі елдегі кен орындарынан түсетін табысты ұлғайтуды көздеп, NCOC серіктестерінен 160 миллиард доллардан асатын өтемақы талап етіп халықаралық арбитражға жүгінген. Бұл ақшаның басым бөлігін алынбаған пайда, ал қалған бөлігін қоршаған ортаға келтірілген болуы ықтимал зияндар мен Қазақстан тарапы күмәнді деп таныған мәмілелер салдарынан болған шығындар құрайды.

4 тамыз күні Астана қалалық сотының баспасөз қызметі жер қойнауын пайдаланушы NCOC компаниясының Атырау облысы бойынша экология департаментіне қарсы талабына қатысты сот шешімі жөнінде ақпарат таратты.

"Іс материалдарына сәйкес, уәкілетті орган нұсқама шығарған кезде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген рәсімдік талаптарды бұзғаны анықталды. Бұл жайт даулы нұсқаманы жоюға негіз болды. Алайда бұл рәсімдік бұзушылықтар жойылуы мүмкін болғандықтан, сот Атырау облысының экология департаментіне экологиялық бұзушылықтардың мәніне баға берместен, құқықтық ұстанымды ескере отырып, әкімшілік рәсімді аяқтау міндетін жүктеді. Сонымен қатар, нұсқаманың рәсімдік бұзушылықтарға байланысты жойылуы экологиялық заңнаманың мазмұны бойынша бұзушылықтардың болмағанын автоматты түрде білдірмейді. Сот бұл іс бойынша қарау барысында экология департаментінің анықтаған бұзушылықтары бойынша қорытындыларының негізділігіне немесе негізсіздігіне баға берген жоқ", – делінген Астана қалалық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ақпаратта "сот шешімі экология департаменті анықтаған бұзушылықтардың мәнін қозғамайды және уәкілетті орган тарапынан рәсімдік кемшіліктер жойылған жағдайда қайта әрекет ету мүмкіндігін жоққа шығармайды" деп жазылған.

Шілде айында Жоғарғы сот Қашағанды игеріп жатқан оператор NCOC компаниясының Атырау облыстық экология департаментіне қарсы берген талап-арызы бойынша қаулы шығарғаны мәлім болған еді. Экологиялық айыппұлмен байланысты іс жаңа құрамдағы апелляция сотына қайта қарауға жіберілген. Бұған қоса шілде айында Қазақстанда мұнай жобалары бойынша өнімді бөлу туралы келісімдер қайта қаралатын болды деген ақпарат тарады.

Былтыр Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp. және TotalEnergies SE сынды серіктестер күкірт жайлы дауды алдағы екі жылда әлеуметтік жобаларға қосымша инвестиция салу жолымен реттеуді ұсынған. Компания бұл шығындарды өнімді бөлу туралы келісім аясында Қашағаннан түсетін кірістен қайтарып алуға болады деген. Сонымен қатар, NCOC сұйылтылған мұнай газын жеткізуге байланысты үкіметке қосымша төлемдер төлеуді және бірнеше миллион доллар көлемінде әлеуметтік даму қорын құруды да ұсынғаны айтылды.

Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі әзірге сот қаулысына байланысты пікір білдірген жоқ.

ҚазТАГ: пара алды деген күдікпен ұсталған көлік вице-министрі екі айға қамалды

Қазақстанның көлік министрінің орынбасары Сәтжан Аблалиев
Қазақстанның көлік министрінің орынбасары Сәтжан Аблалиев

Қазақстанның көлік министрінің орынбасары Сәтжан Аблалиев пара алған деген күдікпен қамауға алынды деп хабарлады ҚазТАГ агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйеніп.

ҰҚК хабарламасында көлік вице-министрі соттың санкциясымен қамауға алынғаны айтылған. Өзге ақпарат берілмеген.

Өткен сенбі, 2 тамыз күні вице-министрдің ұсталғаны жайлы ақпарат тараған. Бірқатар телеграм-арналар шенеунік "78 мың доллар көлемінде пара алды" деген күдікке ілінгенін жазған. Kozachkov offside арнасы тергеу "автомобиль жолдары комитетіндегі жұмыспен" байланысты деп хабарлаған еді.

Сәтжан Аблалиев көлік министрінің орынбасары лауазымына 2023 жылдың қазан айында тағайындалған. 54 жастағы шенеунік оған дейін шамамен екі жыл Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған.

Адвокат: Нұрғанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты іс тоқтатылды

Нұрғанат Ғайыпбаев пен Шерзат Полаттың (оң жақтағы) қабірі. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы мұсылман зираты. 11 желтоқсан, 2024 жыл.
Нұрғанат Ғайыпбаев пен Шерзат Полаттың (оң жақтағы) қабірі. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы мұсылман зираты. 11 желтоқсан, 2024 жыл.

Алматы облысында белгісіз жағдайда қайтыс болған Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Мұны дүйсенбі, 4 тамыз күні отбасының адвокаты Мейірман Шекеев хабарлады.

"Нұрқанаттың ісі тоқтатылған. Алайда біз болашақта істі қайта жандандыру үшін өтінішхат түсіретін боламыз", – деп жазды заңгер Instagram-парақшасына.

Нұрқанат Ғайыпбаев – былтыр күзде Талғар қаласында топ адамның қатысуымен болған төбелес кезінде кісі қолынан мерт болған 16 жасар Шерзат Полаттың немере ағасы. Қоғамда үлкен резонанс тудырған жасөспірім қазасынан кейін марқұмның отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін Шерзаттың туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.

Шерзат қаза тапқан оқиға кезінде оның қасында болған, пышақ тиіп, жарақат алған Нұрқанат Ғайыпбаев былтыр қараша айында Полаттың отбасы тұратын Азат ауылының сырт жағында өлі табылған. Полиция "ол өзіне қол жұмсаған" деп хабарлады. Туыстары бұған күмән келтірген еді. Ғайыпбаевтың қазасы бойынша тергеу басталған.

Тергеу жүргізгендер бұл істе қандай да бір қылмыс белгілері анықталған жоқ деп байлам жасаған. Алайда марқұмның туыстары оған келіспейді.

Шерзат Полаттың өліміне байланысты қозғалған іс бойынша айып тағылған тоғыз адамға биыл 5 маусымда үкім шыққан. Басты айыпталушы Абзал Шынасыл - 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға түрмеге қамалды. Басқа айыпталушылар 1,5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге сотталды.

Сотталған тоғыздың арасындағы кәмелетке толмаған жасөспірім сот кескен 1,5 жылдық қамау жазасын өтеп қойғандықтан биыл 23 шілде күні сот қаулысымен қамаудан босап шыққан.

Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталған адамдардың арасында тек сол ғана апелляцияға жүгінбеген. Қалғандары үкімге келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсірген. Олардың шағымы 18 тамызда Алматы облыстық сотында қаралмақ.

Ғарышкер Талғат Мұсабаев дүниеден өтті

Ғарышкер Талғат Мұсабаев
Ғарышкер Талғат Мұсабаев

Қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев 74 жасында өмірден озды. Мұны 4 тамыз күні қазақстандық басылымдар хабарлады. Оның неден қайтыс болғаны әзірге айтылған жоқ.

Талғат Мұсабаев ғарышқа үш рет — 1994, 1998 және 2001 жылдары ұшқан. Ол 8 рет ашық космосқа шығып, онда жиынтығы 43 сағат 46 минут болған.

Мұсабаев 2000 жылдардың басында әскери авиация саласындағы жауынгерлік даярлық бөлімін басқарды, Жуковский атындағы әскери-әуе академиясы басшысының орынбасары болды. 2005 жылы Қазақстан мен Ресейдің бірлескен "Бәйтерек" жобасын басқарды.

Бұдан соң ол Қазақстанның Білім және ғылым министрлігіне қарасты Аэроғарыш комитетінің төрағасы болды. 2007 жылы құрылған Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігін басқарды.

2017 жылдан 2023 жылға дейін Талғат Мұсабаев Қазақстан Республикасы парламенті сенатының депутаты болды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі ұшқыш-ғарышкер, Қазақстанның Халық қахарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаевтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты деп хабарлады Ақорда.

Йемен жағалауы маңындағы суда қайық аударылып, ондаған мигрант мерт болған

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Йемен жағалауына жақын маңда теңізде болған қайық апаты салдарынан кемінде 54 мигрант қаза тапқан. Бұл ақпаратты жергілікті Денсаулық сақтау министрлігінің өкіліне сүйеніп туралы Reuters агенттігі жазды.

Қайықта шамамен 150 адам болған. Олардан 10 адам құтқарылған, соның тоғызы – Эфиопиядан шыққандар. Ондаған адам хабар-ошарсыз кеткен.

Қытайдың "Синьхуа" ақпарат агенттігі өз дереккөзіне сүйеніп, қайық сенбі, 2 шілде күні кешкі мезгілде қатты желдің салдарынан аударылған деп жазды. Жексенбі күні таңертең Шукра және Зинджибар қалалары маңындағы жағалаудан 20-дан астам адам өлі табылған. Қайықта болғандардан 12 адам тірі қалған деп жазды агенттік.

Халықаралық көші-қон ұйымының дерегі бойынша, былтыр өзге елдерден Йеменге 60 мыңнан астам мигрант барған.

Уиткофф: ХАМАС-қа кепілдегі барлық адамды бір сәтте босат деу керек

Стив Уиткофф (сол жақта) ХАМАС кепілде ұстап отырған адамдардың туыстарымен кездесіп тұр. Тель-Авив, 2 тамыз, 2025 жыл.
Стив Уиткофф (сол жақта) ХАМАС кепілде ұстап отырған адамдардың туыстарымен кездесіп тұр. Тель-Авив, 2 тамыз, 2025 жыл.

АҚШ Израильдің ХАМАС тобымен (АҚШ пен Еуроодақта террористік ұйым деп танылған) келіссөзін "түгелдей немесе ештеңе" форматына ауыстыруды, яғни соғысты аяқтап, Газа секторында ХАМАС кепіліндегі 50 адамды түгелдей бір мезетте еліне қайтаруды ұсынып отыр. АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, палестиналықтармен жүргізіліп жатқан келіссөздердің мақсаты – соғысты ұлғайту емес, оны доғару.

Сенбі, 2 тамыз күні Уиткофф ХАМАС кепілде ұстап отырған адамдардың отбасыларымен Тель-Авивте кездесті. Ол израильдіктердің басым көпшілігі кепілде отырғандардың үйге оралғанын қалайтынын, ал Газадағы тұрғындар кепілдегілерді босату секторды қалпына келтіруге бастайтын қадам боларына сенетінін айтты.

ХАМАС кепілде ұстап отырған Ром Браcлавски мен Эвьятар Давидтің жаңа видео жарияланған шақта өткен кездесу шиеленісті жағдайда өтті. Видеода олардың қатты жүдегені, аса ауыр халде екені байқалады. Кепілде отырғандардың туыстары бұл жағдайды "қазіргі заманғы Холокост" деп атап, билікті саяси қателіктер жіберді, келіссөздерді созып жіберді және нақты әрекет жасалмай отыр деп айыптап отыр.

Бұған қоса, соғысты тоқтату және кепілде отырғандарды босату жөніндегі келіссөздер жалғасып жатыр. Алайда, израильдік БАҚ-тың мәліметінше, жақын арада нақты шешім болмайтын сыңайлы. Израильдің қорғаныс армиясы бас штабының бастығы Эяль Замирдің айтуынша, келісімге қол жеткізу мүмкін бе, жоқ па, ол жағы жақын арада белгілі болмақ.

ХАМАС болса Израильдің Газа секторындағы "оккупациясы" жойылмайынша, қаруын тастамайтынын мәлімдеді. Ұйым жетекшілерінің бірі Рази Хамед астанасы Иерусалим болатын тәуелсіз палестина мемлекеті құрылғаннан кейін ғана қару оның армиясына беріледі деді. Ол сондай-ақ, 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған шабуыл "әлемді палестина мәселесіне көз ашуға мәжбүр еткенін" айтты.

ХАМАС АҚШ-ты "ашаршылық пен геноцидке" қатысы бар деп айыптап, Уиткоффтың Газаға көмек көрсететін қордың Рафахтағы азық-түлік тарататын бекетіне жуырдағы сапарын "театр қойылымы" деп атады.

Бұл шақта БҰҰ гуманитарлық көмек қоры мамыр айының аяғында жұмысын бастағалы бері Газа секторында көмек тарататын бекеттер маңында мыңнан астам адам қаза тапқан деп хабарлады. Ұйымның дерегінде олардың көбі израильдік әскери қызметкерлердің оғына ұшып мерт болған деп жазылған. Израиль әскері гуманитарлық орталықтармен байланысты оқиғалар бойынша тергеу амалдарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Қор өзінің көмек тарату бекеттері өңірдегі ең қауіпсіз орын саналатынын айтты.

Израиль гуманитарлық көмек алуға барған палестиналықтарды өлтірді деген айыптауларды жоққа шығарып отыр. Израильдің қорғаныс армиясы ХАМАС-ты гуманитарлық көмекті тартып алып, бейбіт халықты тірі қалқан ретінде пайдаланып жүр деп айыптады.

  • Израиль Газа секторындағы әскери қимылдарды 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС тобы жасаған шабуылдан кейін бастаған. ХАМАС шабуыл барысында шамамен 1200 адамды өлтіріп, 250-ден астам адамды кепіл ретінде алып кеткен.
  • Палестина жағының деректеріне сәйкес, қарулы қақтығыстар мен әуе шабуылдары салдарынан Газа секторында 60 мың адам қаза тапқан. Израиль бұл мәліметке күмән келтіріп, қаза тапқандардың қаншасы ХАМАС мүшелері, қаншасы бейбіт тұрғын екені белгісіз екенін айтады.
  • Қазір Газа секторында жихадшылардың қолында 50 тұтқын қалып отыр. Олардың 20-ға жуығы тірі болуы мүмкін.

Медиа: Батыс барлауы Ресей ұйымдастырған диверсиялар саны азайғанын айтып отыр

Балтық теңізінде НАТО миссиясы құрамында шолғын жасап жүрген эстон әскери кемесі (көрнекі сурет).
Балтық теңізінде НАТО миссиясы құрамында шолғын жасап жүрген эстон әскери кемесі (көрнекі сурет).

Батыстың барлау мекемелері Ресейдің арнаулы қызметтері ұйымдастырған деп болжанған диверсия әрекеттерінің саны азайғанын айтады. Мұндай ақпаратты еуропалық және америкалық ресми тұлғаларға сүйеніп, Bloomberg басылымы жазды.

Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты (IISS) 2025 жылдың қаңтарынан мамыр айына дейінгі аралықта Ресейдің 11 бүлдіргі әрекетін тіркеген. Бұған Швециядағы талшықты-оптикалық кабельдер мен ұялы байланыс мұнараларын істен шығару әрекеттері де кіреді. Ал былтыр 30-дан астам осындай оқиғалар болған – олардың қатарында энергетика, байланыс, көлік, әскери нысандар, су инфрақұрылымы мен суасты нысандарына жасалған шабуылдар бар.

Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, Ресейдің диверсия әрекеттері 2024 жылдың күзіне қарай азая бастаған. Оған дейін АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғалары ресейлік әріптестерін жаңа операциялар жасап жүрмеуді ескерткен деп жазды агенттік. Ондай ескерту DHL логистика орталықтарында – Бирмингемде, Лейпцигте және Варшава маңында болған күмәнді өрттерден кейін және АҚШ-қа ұшатын жүк ұшақтарына диверсанттар жарылғыш зат қоюы мүмкін деген хабарлардан соң жасалған. Ол кезде ресейліктерге Вашингтон тарапынан ескерту жасалғаны жайлы The New York Times басылымы да жазған еді.

Bloomberg дереккөздері диверсиялық әрекеттердің азаюын екі негізгі фактормен түсіндіреді. Біріншіден – орындаушылар өте сенімсіз болғандықтан, гибрид операцияларды тиімді түрде басқарудың мүмкін болмауы. Екіншіден – бұған Дональд Трамптың президенттік мерзімінің алғашқы айларында АҚШ-тың ашуына тимеген жөн деген саяси есеп те себеп болуы мүмкін.

Кремль Bloomberg жолдаған сауалға жауап бермеді. Бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Еуропадағы ресейлік диверсиялар туралы хабарларды "мүлдем негізсіз" деп атаған.

Камчаткада Крашенинников жанартауы оянды

Крашенинников жанартауының оянуы. 3 тамыз, 2025 жыл (Фото: Кроноцкий қорығы/Артём Шелдовицкий)
Крашенинников жанартауының оянуы. 3 тамыз, 2025 жыл (Фото: Кроноцкий қорығы/Артём Шелдовицкий)

Ғалымдар Камчаткадағы Крашенинников жанартауы араға бәленбай ғасыр салып қайта оянғанын айтып отыр. Бұл туралы Ресей ғылым академиясының Вулканология және сейсмология институты жанындағы жанартау атқылауын тіркейтін Камчатка тобы (KVERT) хабарлады.

Крашенинников жанартауы 2 тамыз күні сағат 16:50-де (жергілікті уақыт бойынша 3 тамыз, таңғы 4:50) оянған. Жанартаудан шыққан күл төрт километр биікке дейін көтерілген. KVERT мәліметінше, бұған дейін осы жанартаудың атқылауы 1463 жылы тіркелген екен.

Кроноцкий қорығы өкілдерінің айтуынша, жанартаудан көкке ұшқан күл 5-6 шақырымға дейін жайылып, кейбір аумақтарды күл басқан. Алайда елді мекендер зардап шекпеген – көкте бұлт тәрізді жайылған күл елдімекендерден алшақ аумақтарға жеткен, деп хабарлады Камчатка өлкесінің төтенше жағдайлар қызметі.

Крашенинников жанартауы Камчаткада жер өте қатты сілкінгеннен кейін оянды. 30 шілде күні магнитудасы 8,8-ге жеткен аса күшті жер сілкінісінің эпицентрі Петропавловск-Камчатский қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 200 шақырым жерде болған. Мұншама күшті жер сілкінісі осы өңірде 1952 жылдан бері алғаш рет тіркелді.

Шығыс жанартау белдеуіне жататын Крашенинников жанартауы Кроноцкое көлінен оңтүстікке қарай шамамен 13 шақырым, ал Петропавловск-Камчатский қаласынан 200 шақырым қашықта орналасқан. Жанартау ең биік басы — 1856 метр. Ол Камчатканы алғаш зерттегендердің бірі — Степан Крашенинниковтың құрметіне аталған.

Тағы

XS
SM
MD
LG