Қазақстандағы Қашаған мұнай кенішін игеріп жатқан компаниялар қоршаған ортаға келтірілген залал үшін 4 миллиард доллар экологиялық айыппұл салу туралы даулы іс бойынша Астананың апелляциялық сотында жеңіске жетті. Мұндай ақпаратты аталған жобадағы серіктестердің мәлімдемесіне сүйеніп Bloomberg агенттігі жазды.
Бұған дейін Қазақстан үкіметі NCOC бойынша серіктес мұнай компанияларына 2,3 трлн теңге (2022 жылдың аяғындағы бағаммен 5,1 млрд доллар, қазіргі бағаммен – 4,2 млрд доллар) көлемінде айыппұл салуға талпынған. NCOC (North Caspian Operating Company) – Солтүстік Каспий бойынша өнім бөлісу жайлы келісім (СКӨБК) аясында құрылған операциялық компания.
"Біз апелляциялық сот шешімін құптаймыз. Бұл шешім NCOC компаниясының күкіртті басқару іс-шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына толық сай, қолданыстағы стандарттар мен халықаралық үздік тәжірибелерге сай және жауапкершілікпен іске асырылып жатқанын растайды", – делінген NCOC пен оның серіктестерінің бірлескен мәлімдемесінде.
Каспий теңізіндегі құны 55 миллиард доллар деп бағаланған Қашаған жобасын игеру ісі әу баста белгіленген мерзімінен кешігіп, шығындары артты деп жазды агенттік. Қазақстан билігі елдегі кен орындарынан түсетін табысты ұлғайтуды көздеп, NCOC серіктестерінен 160 миллиард доллардан асатын өтемақы талап етіп халықаралық арбитражға жүгінген. Бұл ақшаның басым бөлігін алынбаған пайда деп, ал қалған бөлігі қоршаған ортаға келтірілген болуы ықтимал зияндар мен Қазақстан тарапы сыбайлас жемқорлық сипатында деп таныған мәмілелер салдарынан болған шығындар құрайды.
Шілде айында Жоғарғы сот Қашағанды игеріп жатқан оператор NCOC компаниясының Атырау облыстық экология департаментіне қарсы берген талап-арызы бойынша қаулы шығарғаны мәлім болды. 5 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлмен байланысты іс жаңа құрамдағы апелляция сотына қайта қарауға жіберілген.
Бұған қоса шілде айында Қазақстанда мұнай жобалары бойынша өнімді бөлу туралы келісімдер қайта қаралатын болды деген ақпарат тарады.
Былтыр Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp. және TotalEnergies SE сынды серіктестер күкірт жайлы дауды алдағы екі жылда әлеуметтік жобаларға қосымша инвестиция салу жолымен реттеуді ұсынған. Компания бұл шығындарды өнімді бөлу туралы келісім аясында Қашағаннан түсетін кірістен қайтарып алуға болады деген. Сонымен қатар, NCOC сұйылтылған мұнай газын жеткізуге байланысты үкіметке қосымша төлемдер төлеуді және бірнеше миллион доллар көлемінде әлеуметтік даму қорын құруды да ұсынған.
Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі әзірге сот қаулысына байланысты пікір білдірген жоқ.