АҚШ Израильдің ХАМАС тобымен (АҚШ пен Еуроодақта террористік ұйым деп танылған) келіссөзін "түгелдей немесе ештеңе" форматына ауыстыруды, яғни соғысты аяқтап, Газа секторында ХАМАС кепіліндегі 50 адамды түгелдей бір мезетте еліне қайтаруды ұсынып отыр. АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, палестиналықтармен жүргізіліп жатқан келіссөздердің мақсаты – соғысты ұлғайту емес, оны доғару.
Сенбі, 2 тамыз күні Уиткофф ХАМАС кепілде ұстап отырған адамдардың отбасыларымен Тель-Авивте кездесті. Ол израильдіктердің басым көпшілігі кепілде отырғандардың үйге оралғанын қалайтынын, ал Газадағы тұрғындар кепілдегілерді босату секторды қалпына келтіруге бастайтын қадам боларына сенетінін айтты.
ХАМАС кепілде ұстап отырған Ром Браcлавски мен Эвьятар Давидтің жаңа видео жарияланған шақта өткен кездесу шиеленісті жағдайда өтті. Видеода олардың қатты жүдегені, аса ауыр халде екені байқалады. Кепілде отырғандардың туыстары бұл жағдайды "қазіргі заманғы Холокост" деп атап, билікті саяси қателіктер жіберді, келіссөздерді созып жіберді және нақты әрекет жасалмай отыр деп айыптап отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Макрон: Франция қыркүйекте Палестина мемлекетін мойындайдыБұған қоса, соғысты тоқтату және кепілде отырғандарды босату жөніндегі келіссөздер жалғасып жатыр. Алайда, израильдік БАҚ-тың мәліметінше, жақын арада нақты шешім болмайтын сыңайлы. Израильдің қорғаныс армиясы бас штабының бастығы Эяль Замирдің айтуынша, келісімге қол жеткізу мүмкін бе, жоқ па, ол жағы жақын арада белгілі болмақ.
ХАМАС болса Израильдің Газа секторындағы "оккупациясы" жойылмайынша, қаруын тастамайтынын мәлімдеді. Ұйым жетекшілерінің бірі Рази Хамед астанасы Иерусалим болатын тәуелсіз палестина мемлекеті құрылғаннан кейін ғана қару оның армиясына беріледі деді. Ол сондай-ақ, 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған шабуыл "әлемді палестина мәселесіне көз ашуға мәжбүр еткенін" айтты.
ХАМАС АҚШ-ты "ашаршылық пен геноцидке" қатысы бар деп айыптап, Уиткоффтың Газаға көмек көрсететін қордың Рафахтағы азық-түлік тарататын бекетіне жуырдағы сапарын "театр қойылымы" деп атады.
Бұл шақта БҰҰ гуманитарлық көмек қоры мамыр айының аяғында жұмысын бастағалы бері Газа секторында көмек тарататын бекеттер маңында мыңнан астам адам қаза тапқан деп хабарлады. Ұйымның дерегінде олардың көбі израильдік әскери қызметкерлердің оғына ұшып мерт болған деп жазылған. Израиль әскері гуманитарлық орталықтармен байланысты оқиғалар бойынша тергеу амалдарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Қор өзінің көмек тарату бекеттері өңірдегі ең қауіпсіз орын саналатынын айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп пен Нетаньяху Газа секторындағы соғысты тезірек аяқтауға уағдаластыИзраиль гуманитарлық көмек алуға барған палестиналықтарды өлтірді деген айыптауларды жоққа шығарып отыр. Израильдің қорғаныс армиясы ХАМАС-ты гуманитарлық көмекті тартып алып, бейбіт халықты тірі қалқан ретінде пайдаланып жүр деп айыптады.
- Израиль Газа секторындағы әскери қимылдарды 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС тобы жасаған шабуылдан кейін бастаған. ХАМАС шабуыл барысында шамамен 1200 адамды өлтіріп, 250-ден астам адамды кепіл ретінде алып кеткен.
- Палестина жағының деректеріне сәйкес, қарулы қақтығыстар мен әуе шабуылдары салдарынан Газа секторында 60 мың адам қаза тапқан. Израиль бұл мәліметке күмән келтіріп, қаза тапқандардың қаншасы ХАМАС мүшелері, қаншасы бейбіт тұрғын екені белгісіз екенін айтады.
- Қазір Газа секторында жихадшылардың қолында 50 тұтқын қалып отыр. Олардың 20-ға жуығы тірі болуы мүмкін.