Алматыда БҰҰ-ның өңірлік орталығы ашылды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш (ортада) Алматы қаласындағы БҰҰ өңірлік орталығында. 3 тамыз, 2025 жыл.

Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық жұмысын бастады. Орталықты құру туралы келісімге қол қою рәсіміне БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Тоқаев бұл шара Қазақстан ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін де елеулі сипатқа ие екенін айтты.

"Біз халықаралық өзекті мәселелерді шешуге белсенді араласатын мәмілегер ретінде Орталық Азияның әлеуетін ашуға және жаһандық аренада конструктив әрі келешекті көздеген күн тәртібін дәйекті түрде ілгерілетуге ұмтыламыз. Осы орайда Алматы қаласында БҰҰ өңірлік орталығын ашу уақтылы және стратегиялық тұрғыдан маңызды қадам болып отыр" деді Тоқаев Алматыдағы жиында сөйлеген сөзінде.

Қазақстан президенті бұл орталық Арал теңізіндегі экологиялық дағдарыс пен Каспий теңізінің тартылуы сияқты проблемаларды шешу үшін "өңірлік ықпалдастықты нығайтып, оған Біріккен Ұлттар Ұйымын белсенді түрде тартуға" шақырды.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Алматыда өңірлік орталықтың ашылуын "Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың жаңа дәуірі" деп атады.

"Бұл орталық аймақ көшбасшылары арасындағы берік байланыстардың жан-жақты экономикалық интеграцияға қалай ұласатынын көрсететіндей әлеуетке ие" деді Гутерриш.

Биыл көктемде БҰҰ бас ассамблеясы Қазақстан бастамасымен осы орталықты құру туралы қарарды қабылдаған. Орталық өзге мәселелермен қатар Ауғанстанның тұрақты дамуына да мән береді.

Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан президенті Алматыға келген БҰҰ бас хатшысымен келіссөз өткізген. Келіссөз барысында БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы қызметінің жұмысы, Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесі, халықаралық және өңірлік күн тәртібі, сондай-ақ басқа да өзекті тақырыптар талқыланған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия оңтүстікке шығар жол іздеп, "Талибанмен" жақындасып жатыр. Бұдан Қытай ұта ма?