"Хочу жить" жобасы: Биыл Ресей әскері кемі 327 қырғыз азаматымен шарт жасасқан

Russian soldiers

2025 жылы Ресей әскерінің қырғыз азаматтарын жалдауы алаңдатарлық күйде қалып отыр. Бұл туралы украиналық "Хочу жить" жобасы мәлімдеді.

Әскери тұтқындар мәселесі жөніндегі үйлестіру штабының "Хочу жить" жобасы биыл жыл басынан бері кемі 327 адам Ресей әскерімен шартқа отырғанын айтады.

"Іс жүзінде бұл сан одан жоғары болуы ықтимал, өйткені тізімде тек Қырғызстан азаматтары көрсетілген. Онда осы елден шыққан, бірақ қазір Ресей азаматтығында жүргендер жоқ" дейді "Хочу жить" жобасы.

Сәуір айында "Хочу жить" 2023-2024 жылдары Ресей әскеріне жалданған 360 қырғыз азаматының тізімін жариялаған.

"Ресейлік жалдаушылар қырғыз азаматтарын соғысқа аттандырып жатқанын, мәселенің ауқымын [Қырғызстанның] өзінде біліп отыр. Мәселен, биыл сәуірде Ош қаласында жалдамалы сарбаздарды қатарына тартты деген айыппен төрт адам ұсталған. Олардың арасында сол қаладағы "Орыс үйінің" қызметкері де бар. Оларды уақытша қамау изоляторынан үйқамаққа жібергеніне қарамастан, қылмыстық іс жалғасып жатыр" — дейді жоба авторлары.

"Ресей әскеріне адам жалдау науқанына қырғыз азаматтарының түсіп қалу қаупі жоғары, өйткені түрлі есеп бойынша Ресейде 450 мыңға тарта қырғыз мигранты жұмыс істейді. Бұл елде мигранттарды жаппай ұстап, жосықсыз тексеру қалыпқа айналған. Ресей полициясының қолына түскен қырғыз мигранттары түрлі қысымға душар болады: оларды депортациялаумен, қылмыстық қудалаумен қорқытады. Кейде Ресей азаматтығын жылдам алуды ұсынады" дейді "Хочу жить" соғысқа жалданған мигранттарды әдетте қан майданға бірден жіберетінін ескертіп.

Украиналық жоба 57 жастағы қырғыз азаматы Әлішер Тұрсыновты мысал еткен. Ол 2024 жылы Ресейдің Рязань қаласына баласын көріп қайту үшін барған. Полицейлер оны дүкен маңынан ұстап алып, полиция бөліміне апарған да, ол жақта ұрып-соққан, келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Санаулы күнде ол Луганск облысындағы майданнан бір-ақ шыққан.

"Ресей отарлаушы империя ретінде көршілерінің адам ресурсын сарқымай тоқтамайды. Ресейлік тойтарыс көрмейінше қырғыз азаматтарын ақша беріп өлімге айдай береді. Бұл өздігінен тоқтамайды. Қырғызстан билігі азаматтарын қорғауға, Ресейге бұл азаматтарды өз мақсатына пайдалануға жол бермеуге ақылы мен саяси ерік-жігері жетеді деп үміттенеміз" деп жазды "Хочу жить".

Украиналық жоба осыған дейін Ресей әскері Украинадағы соғысқа жалдаған қазақстандықтар мен өзбекстандықтар тізімін жариялаған.

Жобаның дерегінше, Украина әскеріне тұтқынға түскен шетелдіктер арасында Өзбекстан азаматтары бірінші орында. Биыл кемі 902 Өзбекстан азаматы Ресей әскерімен шарт жасасқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сүйегін елге әкелмеңдер". Қазақстан азаматтары Украинадағы соғыста қалай қаза тауып жатыр?

Екі апта бұрын "Хочу жить" 2025 жылдың басынан бері Ресей әскеріне жалданған 500-ден астам Қазақстан азаматының тізімін жариялады. Жобаның көктемде мәлім еткен тізімінде 661 қазақстандық болған.